Ақтөбеде дүкеннің тоналғанын ойдан шығарған сатушы тергеуге алынды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Дүкенді тонап, 50 мың теңгені алып кеткені туралы полицияға хабар берген сатушыға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 2 маусым күні сағат 22:00-де Ақтөбе қаласында болды. Сатушы жедел басқару орталығына хабарласып, Рысқұлов көшесі бойындағы дүкендердің біріне қарақшылық жасалғанын мәлім еткен.

«Сатушы екі белгісіз азаматтың көзіне газ баллонын шашып, ашық түрде 50 мың теңге ақшасын ұрлап, белгісіз бағытта іздерін суытқанын жеткізді. Қылмыстық кодексінің 192-бабы, яғни, «Қарақшылық» бойынша сот алды тергеу-тексеру жүргізілді. Тергеу кезінде жәбірленуші өз түсініктемесін бірнеше рет өзгертті, кейін түскен қаржыны иемдену үшін ұрлық туралы хабарды ойдан шығарғанын мойындады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, сатушыға қатысты Қылмыстық кодексінің «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бойынша сот алды тергеу-тексеру жұмыстары басталды.