Ақтөбеде екі жыл бұрынғы су тасқыны кезінде жарамсыз болып қалған көпір жаңғыртылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Құрылыс жұмыстарына 3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жаңғырту жұмыстары кезінде алдымен ескісі бұзылып, тіреуі нығайтылды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысының Ойыл ауданына кіреберістегі көпір 2024 жылдағы су тасқыны кезінде жарамсыз болып қалды. Сол кезде ТЖМ ауыл халқын понтон көпір арқылы тасымалдауды жөн санады. Бұған дейін тек әскери оқу-жаттығуда пайдаланған жылжымалы көпір бірнеше ай Ойыл халқын облыс орталығы, ауылдармен байланыстырды.

Кейін көпірге сараптама жасалып, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге шешім қабылданды.

Бүгінде жұмыс толық аяқталып, көпір қолданысқа берілген.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

— 2024 жылы шілде айында «Тенгизстройсервис Групп» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталды. Қолданыстағы көпірді бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылдың қаңтар айында нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Нысанның жалпы құны — 3,2 млрд теңге. Қайта жаңартылған көпірдің ұзындығы — 280 метр. Құрылыс барысында 70 қада қағылып, оның 30-дан астамы 26-38 метр тереңдікке орнатылды. Көпірдің 8 тіреуі толық тұрғызылып, 8 тіреу аралығына 56 арқалық орналастырылды, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ел заңнамасы бойынша қалпына келтіру жұмысы толық аяқталғаннан кейін ғана төтенше жағдай режимі жойылады. Мәселен Ақтөбе қаласы мен облыстың төрт ауданында 2024 жылғы су тасқыны кезінде жарияланған төтенше жағдай режимінің күші әлі жойылмады.