Ақтөбе қаласының тұрғыны қызының ауруы дендегенін, оны басу үшін арнайы препараттың қажет екенін айтып шағым түсірді.
— Қызым эпилепсия ауруына шалдыққан. Үкіметтен тегін берілетін осполот дәрісін ала алмай отырмыз. Бізге тек осы дәрі ғана көмектеседі. Қазір жағдайымыз ауыр. Біз сияқты көптеген ата-ана шарасыз күйде отыр. Сатып алайын десе де дәріханада жоқ, — деді қала тұрғыны Бағдат Баймурзин.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оспалот препараты мемлекеттік тіркеуде жоқ. Сол себепті дәріні сатып алу мүмкін емеc.
— Ақтөбе облысында тіркеуде тұрған 7 науқас бала қордағы қалған дәрілік препараттармен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні штаттан тыс бас балалар неврологі пациенттердің емдеу сызбасын және эпилепсияға қарсы басқа препаратқа ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 2 балаға қатысты емдеу тәсілі өзгертілді, — деді басқарманың баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Павлодар облысында жыл басынан бері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында 8 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.