Ақтөбе қалалық №2 сотында Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» және «Адам ұрлау» баптары бойынша іс қаралды. Сотта 5 сотталушыға айып тағылды.
- 2026 жылы 20-шілде күні сағат шамамен 23:00-де сотталушының бірі өзінің көлігімен келе жатады. Сол сәтте ол жүргіншілер жолымен асықпай өтіп бара жатқан жәбірленушіні көріп, тез жүруін сұраған. Екеуінің арасында түсініспеушілік туындағанымен, жәбірленуші оқиға болған жерден кетіп қалған. Алайда сотталушының бірі жанжалды бейбіт жолмен шешкісі келмей, мән-жайды достарына айтады. Ертеңіне сотталушылардың бірінің көлігіне мініп, жәбірленушінің үйінен шыққанын күтеді. Жәбірленуші шығып, есік алдындағы көлікке мінгенде сотталушылар өз көлігімен көлденең келіп, тоқтатады. Бірі жәбірленушіні көлік ішінен күш қолданып шығарып алып, мұрын тұсынан ұрады. Жәбірленуші құлаған. Сотталушылар күш қолданып, жүксалғышқа салып алып кетеді. Кейін көпір астына апарады,- деді сотта прокурор.
Сотталушылар Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен және 125-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен жауап беріп жатыр. Ал жәбірленуші кешірім бергенін, медиациялық келісім жасағанын айтты.
- Дүкенге барып, үйге келе жатқанда жолдан өттім. Сол кезде «маймаңдамай тез жүр» деп айтты. Мен боқтап жібердім. Сотталушының бірін бұрыннан танимын, бірақ араласпаймын. Бір күн өткен соң үйден шыққанда көлікті тоқтатып, бір ұрды. Есімнен танып қалдым. Көзімді ашқанда көпірдің астында екенімізді көрдім. Біреуі «ауруханаға барасың ба» деп сұрады. Мен «үйге апарып таста» деп айттым. Үйге апарып тастады,- деді жәбірленуші.
Еске салсақ, жаз айында Ақтөбеде адам ұрлағандардың әрекеті өзге көліктің бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Күдіктілер жедел іздестіру кезінде ұсталды.