Ақтөбеде халықты ауыз сумен қамту жоспары толық орындалмай тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласы мен ауылдарда суды тасып ішіп отырған адамдар бар. Тіпті көрші ауылға барады. Ауыз сумен 100% қамту тапсырмасы қашан орындалады? Kazinform тілшісі анықтап көрді.
Биыл еліміз бойынша барлық елдімекен тұрғынына ауыз су қолжетімді болуы тиіс. Бұл — Президент тапсырмасы.
Алайда Ақтөбеде орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылып, кәдеге жарамай тұрғын ауылдар да бар. Тұрғындар бірнеше жыл бойы сарыла күтіп, қызығын көре алмай отырғанын айтты.
Суды өзге ауылдан тасып ішеді
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Аманкөл ауылдық округіне қарасты Жарма ауылында 40-тан астам үй бар. Осыдан 5 жыл бұрын бұл ауылға ұңғыма қазылып, орталықтандырылған су жүйесі іске қосылды.
Алайда тұрғындардың көптен күткен қуанышы ұзаққа бармай, су ашып кетті. Содан бері тұрғындар құбырдан аққан суды татып алмайды, есесіне малын суарады, бау-бақшаға құяды.
— Ауылдағы су проблемасы шешілмейді деп ойлаймын. Өйткені су қоры ащы. Қайта геологиялық барлау жүргізіп, қайта көзін табу керек. Су ұңғымасын қазып, қолданысқа бергеніне 6 жылға жуықтады. Содан бері су ащы. Оны ыдыс-аяқ жууға, мал суаруға пайдаланамыз. Ақшасын төлеп отырған соң пайдалану керек қой. Кір жуа алмаймыз. Кір жуса сор болып қалады. Үйден ағып тұрған соң амалсыз бетімізді шаямыз. Ал тұщы суды бала кезден бар жалғыз құдықтан аламыз. Оны біздің әкелеріміз пайдаланған. Шынын айтқанда ата-бабамыздан қалған құдық. Біз қазір сөйтіп ХХ ғасырда өмір сүріп жатырмыз, — дейді ауыл тұрғыны Алмагүл Қожабекова.
Оның айтуынша, тұрғындар ауылға келген әкімге, депутаттарға жиі айтып, осы сұрақты көтереді. Бірақ еш нәтиже болмаған соң қолды сілтеп, өз тірлігіне көшкен.
— Ұңғыманы қыста қазды. Сол кезде тұзды деген қазаншұңқырдың ішін ер азаматтар барып тазартты, көмектесті. Ауыл болып барды сол жерге. Біздің ойымызша, ұңғыманы терең қазды әрі 2 ғана ұңғыма бар. Біз 4-5 ұңғыма қазып, 6 метрден тұщы су алуға болады деп ойлаймыз. Ал олар болса 45 метр тереңдікте қазды. Сөйтіп тайыздан су алып, насосты қосып, сөндіріп отырса да болар еді. Бәрін басшылар біледі, бірақ елемейді. Қазір жолдасым 14 шақырым қашық орналасқан Құтикөл ауылынан су тасиды. 200 литр су шамамен 10 күнге жетеді. Оны тек ішуге, тамаққа пайдаланамыз. Кейбір тұрғын су тазартатын құрылғы қондырып алды. Олардың кейбірі істен шыққан. Қазір тек 3-4 үй пайдаланып отыр. Тазарту құрылғысы бізге қолайсыз, судың дәмі қалмайды, — деді Алмагүл Қожабекова.
Ырғыз ауданы әкімдігі, Аманкөл ауылдық округінің әкімдігі ащы су мәселесін біліп отыр. Дегенмен бұл ауылдың суы бірден татып кетті деген ойдан аулақ.
— 2020 жылы Жарма ауылына ұңғыма қазылды. Адамдар 2 жылдан астам уақыт бойы сол суды тұтынды. Қазір ауылдағы тұщы құдықтан су алып отыр. Ауылда 42 үй, 300-ден астам адам бар. Бір құдықтың суы жетіп тұр. Адамдар үйге келіп тұрған суды жақсы көреді. Енді ауылда жөндеу жұмысы жүргізілуі мүмкін. Қазіргі кезде проблеманың қай жерден шыққаны белгісіз. Бірі ұңғымадан, тағы бірі қазаншұңқырдан көріп тұр. Оны аудандық су шаруашылығы мекемесі шешеді, — деді Аманкөл ауылдық округінің әкімі Абылау Спанов.
Ал Ырғыз аудандық сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрберген Бекеевтің айтуынша, Жарма ауылындағы судың нақты қалай татып кеткені белгісіз.
Бір тобы резервуардан деп топшалап отыр.
— Биыл Құтикөл ауылы маңында қосымша барлау жұмысы жүргізіледі. Егер су қоры мол болса, сол ауылдан тартылады, — деді Нұрберген Бекеев.
Бұл аудандағы 18 ауыл болса, оның 16-ында орталықтандырылған су жүйесі бар. Ал екі ауылда блокті-модуль қондырылған.
Қала маңындағы ауылдар да суға зәру
Ақтөбенің шалғай ауылдары ғана емес, қала маңындағы тұрғын алаптарда да су тапшы.
Орталықтандырылған су жүйесін тарту жұмысы 4 елдімекенде әзір жүргізілмейді. Себебі бұл ауылдардан су қоры табылмады.
— Біздің ауылдың тұрғындары бір су колонкасынан ғана су алып отыр. Су құбырын тарту жұмысын 2-3 жыл бұрын бастап, тастап, сөйтіп бірнеше мердігер ауысты. Әлі күнге дейін жұмыс толық аяқтамады. Су құбырын жүргізді, жерді қазып, орнын тегістемей кетті. Ал ол көктем мен күзде балшыққа айналып, адам жүре алмай қалды. Тіпті су тарату сақиналарын салған жерлерінде топырақ отырып, жасаған дүниелерінің кейбірі сынып қалды. Бірін ауыстырып, бірін қайта көтеріп салу керек. Басы жоқ, аяғы жоқ жұмыс. Ешкім қадағаламайды, мердігерлер ауысып жатыр. Ауыл тұрғындары емес, жаны ашитын жауаптылар қадағалауы тиіс. Бітпей қала береді жұмыс. Келесі жылы деп жүргенде үш жыл артта қалды, — деді Шилісай ауылының тұрғыны Мұрат Ертарғынұлы.
Ақтөбе қаласында барлығы 54 тұрғын алабы бар. Оның 44-інде орталықтандырылған ауыз су бар.
Ал Мағаджан, Шиелісай 1 және 2, Парасат, Думан тұрғын алаптарында құрылыс-монтаж жұмыстары басталған, бірақ биыл аяқталуы тиіс. Жаңақоныс-5 тұрғын алабы үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді.
Ал Ақшат-2 және 3, Байқадам, Көкжиде тұрғын алаптарының мәселесі қашан шешілері белгісіз. Себебі бұл жерлерде су қоры анықталмады. Қазір ауылдарға су тасымалданып жатыр.
Облыс халқының 99,5% ауыз сумен қамтамасыз етілген
2024 жылдың қорытындысына сүйенсек, 319 елдімекеннің 291-і (91,2%) немесе 923,7 мың адам (99,5%) ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Қазіргі кезде 28 (8,8%) елдімекен су ұңғымасын пайдаланып отыр.
— Ауыз сумен қамтылған 291 елдімекеннің 229-да орталықтандырылған су жүйесі бар. Ал 62-де кешенді блок-модуль орнатылған. Тағы 28 ауыл су ұңғымасын, яғни, құдық суын пайдаланып отыр. Олар: Әйтеке би ауданының Милысай, Сарыбұлақ, Байжанкөл, Байғанин ауданының Ақтам, Көптоғай, Қарғалы ауданының Кемпірсай, Мұғалжар ауданының Көктөбе, Тепсен-Қарабұлақ, Құмсай, Қобда ауданының Қарағанда, Жаманкөл, Ортақ, Көк үй, Хромтадың Ойсылқара, Жайлаусай, Көптоғай, Тассай, Көктерек ауылдары. Бұл ауыл тұрғындары кездесу барысында кешенді блок-модульдан бас тартты. Алайда санитарлық нормаларға сай келетін су ұңғымаларын пайдаланып отыр. Халықтың блок-модульден бас тарту жөнінде шешімі хаттамамен бекітілген, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Әкімдік берген ақпаратқа сүйенсек, қазіргі кезде 10 ауылға (Алға ауданының Көктоғай, Тікқайың, Әйтеке би ауданының Аққұм, Ұлғайсын, Белқопа, Байғанин ауданының Дияр, Баршақұм, Темірдің Еңбекші, Ойылдың Қарасу, Хромтаудың Майтөбе) орталық су жүйесі жүргізіліп жатыр.
Бұл жобалар былтыр емес, 2021-2022 жылдардан бері жалғасып келеді. Жоспар бойынша биыл бәрі бітуі тиіс. Сөйтіп биыл 301 ауыл (94,4%), халық саны бойынша 927 мың адамға (99,9%) су жеткізу жоспарланған.
Президент тапсырмасымен Су кодексі қабылданып, қол қойылды. Қазіргі кезде елімізде қала тұрғындарының 99,4, ауыл тұрғындарының 97,8 пайызы сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ елімізде жыл сайын су қорын барлау және суды үнемдеу, дефференциалды тариф жүйесі туралы айтылып келеді.
Қазір өңірлер дефференциалды тарифке көшті. Яғни үйде тіркелген адам санына қарай айына белгілі бір мөлшерде су тұтынуға болады. Одан асса тариф өседі.
Сонымен бірге Ақтөбеде еліміздің батыс аймағын сумен қамтуға мүмкіндік беретін Көкжиде су қоры бар. Әзірге бұл жерден 5 мұнай компаниясы бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
ҚР Экология министрлігі жыл сайын біртіндеп ұңғыманы консервациялау кестесін бекітті.
Ал Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы «Көкжиде құмына» мониторинг жасау үшін 100 млн теңгеге жуық қаржы бөлді.
Бұл су қорының қаншалықты ластанғанын анықтауға мүмкіндік береді.