Бүгін ҚР Президенті әкімшілігінің және Ырғыз аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Ырғыз ауданының әкімі лауазымы қызметіне Рүстем Өтешов кірісті. Ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін әлеуметтік ортада және салалардағы экономист менеджері, Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Ақтөбе облысының коммуналдық меншік басқармасында жетекші маманы болып бастады. Кейін Ақтөбе облысының бірнеше басқармасында қызмет атқарды. 2024 жылдан күні бүгінге дейін Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі болды.
Аудан әкімін активке облыс басшысы Асхат Шахаров таныстырды. Бірқатар өзекті сұрақтардың шешімін табуды тапсырды.
- Ауданда ет кластерін қалыптастыруға да мүмкіндік мол. Ырғызда облыстағы ірі қара малдың 7 пайызы, яғни 31,4 мың басы шоғырланған. Алайда аудан аумағында ет өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Осыған байланысты өңдеу өндірісіне инвестиция тарту және дайын өнімді басқа өңірлерге шығаруға мүмкіндік беретін өндірістік тізбек қалыптастыру міндеті жүктелді. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де басымдық берілді. Ауданға жылыжайлар мен көкөніс сақтайтын қоймалар да қажет. Облыс орталығынан 454 шақырым қашықтықта орналасқан аудан үшін бұл мәселе айрықша маңызды. Сондықтан жергілікті өндірісті дамыту және тұрғындарды негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейін арттыру керек. Жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алу кезегінде тұрған 815 азаматтың мәселесін шешу де жаңа әкімнің басты міндеттерінің бірі ретінде белгіленді. Ол үшін инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары жандануы тиіс,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге су ресурстары саласында да бірқатар қиындық бар. Аудан аумағындағы 14 гидротехникалық құрылыстың 8-і қанағаттанарлықсыз жағдайда. Нысандарды кезең-кезеңімен жөндеу және қалпына келтіру бойынша нақты жоспар әзірлеу тапсырылды. Экологиялық туризмді дамыту, оның ішінде Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек. Бұдан бөлек, автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту, жол құрылысы жобаларын белгіленген мерзімде аяқтау, елді мекендерді ветеринариялық пункттермен қамту, аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу бағыттарында тапсырмалар берілді.
Еске салсақ, Ақтөбеде он күн бұрын Ойыл және Шалқар аудандарының әкімі ауысты.