Ақтөбеде Шалқар ауданының әкімі тағайындалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Шалқар ауданының әкімі қызметін Қайрат Ақшолақ атқарады. Ол 2020 жылдан бері аудан әкімінің орынбасары болды.
Бүгін Шалқар аудандық мәслихатының кезектен тыс алпысыншы сессиясы өтті. Ақтөбе облысының әкімі А.Шахаров Шалқар ауданы әкімінің лауазымына Ақшолақ Қайрат Серікбайұлының кандидатурасын ұсынды. Мәслихат депутаттары ұсынысты қолдады.
Шалқар ауданы әкімдігінің ресми порталындағы ақпаратқа сүйенсек, Қайрат Ақшолақов Мемлекеттік басқару академиясын қаржы және несие, ҚР ІІМ академиясын құқықтану мамандықтары бойынша тәмамдады. Еңбек жолын Шалқар пайдалану бөлімшесінде оператор, есепші болып бастап, салық инспекциясында, салық полициясында жұмыс істеді. 2006-2018 жылдар аралығында Шалқар, Ырғыз аудандарында ішкі істер бөлімінің бастығы болды. 2018 жылы құқық қорғау саласынан мемлекеттік қызметке ауысты. 2020 жылдың қыркүйек айынан бүгінге дейін Шалқар ауданы әкімінің орынбасары болды.
— Активпен кездесу барысында облыс әкімі ауданның одан әрі дамуы үшін айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтті. 8 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және инвестиция салаларында оң динамика қалыптасқан. Өңдеу өнеркәсібі, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру бағыттарындағы бірқатар көрсеткіш бойынша жұмысты күшейту қажет. Ауданның жаңа басшысына өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау міндеттері қойылды. Сондай-ақ жер ресурстарын тиімді пайдалану, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, ветеринария мамандарының жұмыс жағдайын жақсарту және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелеріне көңіл бөлу тапсырылды. Жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру және өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз, жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыру қажет, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, өткен аптада Ақтөбе облысы Ойыл ауданының әкімі тағайындалды.