Ақтөбе облысы аумағындағы тасымалдау жұмыстары әкімдікте өткен жиында талқыланды. Соның ішінде субсидия мәселесі қаралды.
— Ауданаралық автобус бағыттары 14 бағытта қызмет көрсетеді. Олардың қатарында Темірбек Жүргенов, Мәртөк, Бадамша, Ойыл және Қобда бағыттары бар. Тасымалдауды бір негізгі оператор және 7 жеке компания жүзеге асырады. Бағыттарға күн сайын 47 автобус шығады, оның 31-і жаңа көлік. 2025 жылы бұл бағыттарды қолдауға 611,7 млн теңге бөлінсе, 2026 жылы қаржыландыру көлемі 698,7 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Ал Ақтөбе қаласында 46 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын 6 компания қамтамасыз етеді. Күн сайын желіге 355 автобус шығады. Биыл қалалық тасымалдарды субсидиялауға 10,3 млрд теңге қарастырылған. Соңғы үш жылда 242 автобус сатып алынып, автопаркті жаңарту деңгейі 85% жетті. Биыл тағы 141 автобус сатып алу жоспарланған, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қалалық, ауданаралық қатынастан өзге халықаралық бағыттар да бар. Қазіргі кезде Ақтөбеден Ресейдің Орынбор, Самара, Орск және Уфа қалаларына автобус қатынайды. Жазда Қызылорда мен Атырау бағыттары бойынша автобус тасымалы іске қосылады.
Айта кетейік, Ақтөбеде қоғамдық көліктерге дабыл түймесі қондырылып жатыр. Шұғыл шақырту түссе полиция автобустың қай бағытта кетіп бара жатқанын анықтайды. Кейін ең жақын полиция жасағы барады.