Ақтөбеде қоғамдық көліктерге дабыл түймесі қондырылып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Шұғыл шақырту түссе полиция автобустың қай бағытта кетіп бара жатқанын анықтайды. Кейін ең жақын полиция жасағы барады. 

Ақтөбеде қоғамдық көліктерге дабыл түймесі қондырылып жатыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбеде жолаушылардың қауіпсіздігі үшін пилоттық жоба іске қосылды. Автобус салонына бейнекамера мен дабыл түймесі орнатылып жатыр.

— Төбелес, бұзақылық, мас жолаушылардың әрекеті, автобусқа қауіп төндіру немесе өзге де төтенше жағдай кезде жүргізуші дабыл түймесін басады. Сол сәтте Жедел басқару орталығына дабыл сигналы түседі. Оператор автобус салонындағы бейнежазбаны автоматты түрде ашып, интерактивті картадан қоғамдық көліктің нақты орналасқан жерін, қозғалыс бағытын анықтайды. Инспектор автобусқа ең жақын полиция жасағын жібереді. Бұл оқиға орнына бару уақытын едәуір қысқартып, жағдай ушығып кетпей тұрып жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, — деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта жүйе сынақ режимінде тексеруден өтіп жатыр. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша жүйе Ақтөбедегі барлық қоғамдық көлікке кезең-кезеңімен енгізіледі.

Айта кетейік, Ақтөбеде бейнебақылау камералары арқылы 5 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Полиция камералардың көмегімен 57 қылмысты ашты