Ақтөбеде бейнебақылау камералары арқылы 5 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Полиция камералардың көмегімен 57 қылмысты ашты. Сонымен бірге мас күйінде көшеде жүргендер әкімшілік жауапқа тартылды.
Ақтөбе облысында жыл басынан бері 5 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Оның 900-ден астамы ұсақ бұзақылық болса, 700-ден астамы қоғамдық орындарда мас күйде жүрген.
Сонымен қатар 57 қылмыс ашылған. Сонымен бірге дронның деректері Жедел басқару орталығына жазылады.
— Ұшқышсыз ұшу аппараттары жол қозғалысын бақылауға, құқық бұзушылықтарды анықтауға және жаяу жүргіншілердің қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді. Дрондардан түсетін бейнежазба тікелей Жедел басқару орталығына онлайн режимде беріледі. Ақтөбе облысында цифрлық бақылау жүйесі қарқынды дамып келеді. Бүгінде өңірде 87 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 17 мыңы білім беру мекемелерінде орнатылған, ал 26 мыңы Жедел басқару орталығының жүйесіне қосылған, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Өңірдегі мыңға жуық камерада жасанды интеллект элементтері бар. Ал 200-ден астамы бет-әлпетті тани алады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 12 наурыздан бастап Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеудің жаңа тәртібі іске қосылды. Енді автоматты режимдегі камералар мен ақылды жүйелер «қауіпсіздік белдігін тақпау» және «көлік жүргізу кезінде телефон пайдалануды» тіркеп, айыппұлды тікелей рәсімдейді.