Бүгін Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабында балабақша қолданысқа берілді. Ғимарат іші бес қанатқа бөлінген. «Самғау» арнайы бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Айкен Нұрсейітованың айтуынша, бірінші қанат тірек қимылы бұзылуы бар балалар арналды. Екіншісінде көру және есту, психикалық дамуында тежеуі бар балалар тәрбиеленеді. Үшіншісі қанатқа сөйлеу және дамуы тежелген балалар қабылданды. Төртіншісі зияткерлік дамуында бұзылысы бар балаларға арналды. Бесінші қанатта бассейн, медицина қызметкерлерінің бөлмесі бар.
- Бөбекжай-бақшаға 2-6 жас аралығындағы балалар қабылданады. Балабақша 300 орынға шақталған. Әр қанатта 6 топтан бар. Бір топта 10 бала болады. Психолог, дефектолог, логопед, монтессори, музыка және гимнастика кабинеттері, бассейн мен мәжіліс залы қарастырылған. Мұнда мектеп алды даярлық тобы бар және түзету, дамытуға басымдық беріледі. Әр баланың ерекшелігіне қарай жеке бағдарлама құрылып, тәрбиеленеді,- деді балабақша меңгерушісі Айкен Нұрпейісова.
Бөбекжай-балабақшада 200 адам жұмыс істейді. Оның 80%-дан астам жұмысқа қабылданып үлгерді.
- Балабақшаға тәрбиеші болып қызметке орналастым. Өзім осы Есет батыр тұрғын алабында тұрамын. Төрт балам бар. Екі кішкентайым 3 және 5 жаста. Ерекше балаларымды бұған дейін әртүрлі түзету орталықтарына тасып жүрдім. Ал арнайы балабақшаға өзім де тәрбиеші болып орналастым. Екеуін алып, таңертең жұмысқа келемін, балалар осы балабақшада тәрбиеленеді,- деді тәрбиеші әрі ата-ана Гауһар Ысқақова.
Балабақша құрылысына қайтарылған активтер есебінен 7,8 млрд теңге жұмсалды. Құрылысы екі жыл бойы жүргізіліп, қолданысқа беріліп отыр.
- Президент тапсырмасымен қайтарылған активтерді басқару қоры құрылып, Ақтөбе облысына 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қаржыға ауруханалар жанынан жапсарлас ғимарат, медициналық пункт салынып жатыр. Сонымен қатар арнайы балабақша ашылды. Заманауи үлгідегі бөбекжай-балабақша сағат 08:00-18:00 аралығында жұмыс істейді. Бұл ата-анаға ыңғайлы әрі тиімді. Осы бағыттағы жұмыс әлі жалғасады. Бұған дейін ерекше балаларды тәрбиелеуге бағытталған 30 кабинет ашылды. Аудан, ауылдардар да ғимарттар ашылды,- деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Ақтөбе қаласы бойынша балабақша кезегінде 700-ден астам ерекше бала болды. Оның тең жартысы жаңа ғимараттан орын алды. Жалпы ата-аналар баласы жасқа толмай-ақ кезекке тұрған.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының хабарлауынша, өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 9 970 бала бар. Тіпті соңғы үш жылда олардың саны 17%-ға өсті. Балалардың 5 мыңға жуығы мектепке дейінгі, тағы 4800-деп астамы мектеп жасында. Сонымен бірге 200-ден астамы колледждерде білім алады.
-Қазіргі таңда 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, 16 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 3 арнайы мектеп, 4 арнайы балабақша, 1 мектеп-балабақша, 1 оңалту орталығы, 1 аутизмі бар балаларды қолдау орталығы, 1 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Сонымен қатар 61 қолдау кабинеті ашылды. Биыл «Самұрық-Қазына» қорының «CharitySamruk Marathon» қайырымдылық марафоны аясында Ақтөбе қаласындағы 10 мектепте инклюзия кабинеті қолданысқа берілді. Облыстық арнайы мектеп-балабақшасына 496 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нысанның материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту үшін қосымша 13,7 млн теңге қарастырылды. Сонымен бірге «Ақбота» арнайы балабақшасы күрделі жөндеуден өтті. 136 орынға арналған «Жұлдыз» облыстық арнайы балабақшасы пайдалануға берілді. Облыстық арнайы мектепте ақыл-ой дамуында кемшілігі бар балалар санының артуына және орын жетіспеушілігіне байланысты 150 орындық жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Жоба құны - 1,2 млрд теңге. Сонымен қатар аутистік спектрі бұзылған балалардың қауіпсіздігі үшін 1400 GPS-трекер сатып алынды,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасы.
Қазіргі таңда облыс бойынша 5 арнайы балабақшада 421, 14 мектепке дейінгі ұйымдағы түзету тобында 326 бала қамтылған. Сонымен қатар 92 мектепке дейінгі ұйымда 1 641 баланы қамтитын 547 инклюзивті топ жұмыс істейді.
Еске салсақ, Ақтөбе облысында қайтарылған активтер есебінен ауруханаға жапсарлас ғимараттар салынып жатыр. Құрылыс Хромтау, Шалқар және Мұғалжар аудандарында қолға алынды. Биыл жыл соңында және келер жылы қолданысқа беріледі.