Ақтөбе облысының полицейлері «Охотзоопром» РМК қызметкерлерімен бірге табиғат қорғаушы 7 инспекторды қылмыс үстінде ұстап алды. Ырғыз-Торғай резерваты инспекторларының ізін кесу үшін екі күн уақыт жеткілікті болған. Сол аралықта олардан 11 киік, 8 киік мүйізі және аңшы мылтығы, пышақ табылды.
«Ырғыз аудандық ішкі істер департаментіне «Атамбас» жерінде 5 киіктің өлексесі табылғаны туралы ақпарат түсті. Жайсаңбай ауылынан 120 шақырым қашықтықтағы жерге Астана қаласынан арнайы жедел тергеу тобы келді. Оқиға орнына жеткен «Охотзоопром» РМК қызметкерлері УАЗ автокөлігінің ізін көріп, кейін 10 шақырым жүрген кезде даладан екі көлікті тапты. Екеуі де Ырғыз-Торғай резерватына тиесілі. Ерекше қорғалатын табиғи қорықтың инспекторлары бұл жолы күдікке ілікті. Олардың көлігінен қан іздері, балта, киіктің қылшықтары табылды. Сонымен қатар, 800 метр қашықтықтан 35 оқ-дәрі мен пышақ анықталды. Табиғатты қорғауы тиіс инспекторлар браконьерлікпен айналысқан», - деп хабарлайды Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша іс қозғалды. Күдіктілердің ісі толық дәлелденсе, олар 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.