Ақтөбеде күн күрт суытып, қар жауды, боран соқты.
Осыдан кейін Ақтөбе қаласының әкімдігі жылыту маусымының аяқталу мерзімін ұзарту жөнінде шешім қабылдады.
«Енді тұрғын үйлер, түрлі мекемелер мен мектептерде жылу 25 сәуірге дейін беріледі. Ал балабақша мен ауруханалар тек 29 сәуір күні ғана жылудан ажыратылады. Жылыту маусымын аяқталуы туралы шешім 5 күн қатарынан орташа тәуліктік температура кемінде 10 градус болған кезде қабылданады», - деп хабарлады «Aqtobe su-energy group» АҚ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, биыл 13 қазандыққа жөндеу жүргізіледі. Оның үшеуі – күрделі жөндеу жұмысы.
Коммуналдық кәсіпорын желілерді күрделі жөндеу жұмыстарына 1,3 млрд теңге бөлініп отыр.
Ол 4 шақырымдық жылу желісін жөндеуге жеткілікті. «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының жабдықтау жөніндегі орынбасары Айтбай Дауылбаевтың айтуынша, жылу желілерінің 54 пайызы тозған.
Еске салсақ, күн райы күрт өзгеріп, Ақтөбеде бірнеше аудан, ауыл халқы жарықсыз қалды.
Қазіргі кезде қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.