Ақтөбеде құрбандық малын соятын орындарда мешіт қызметкерлері мен ветеринарлар кезекшілік етеді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Облыста 26 орын дайындалды. Мал дәрігерлерімен қатар полиция, жедел жәрдем бригадасы да кезекшілікке шығады.

Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе облысында құрбандық малын союға 26 орын дайындалған. Оның үшеуі қалада. Ақтөбе қаласында «Айбек» агроөнеркәсіп кешені, «Дала ел» ЖШС және «Кайрат 2024» ЖШС белгіленген. Үшеуі қаланың үш бөлігінде орналасқан.

- Мереке күндері облыстық ветеринария басқармасы, ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының мамандары күшейтілген режимде жұмыс істейді. Мамандар малды тасымалдау, сою, ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуы, сондай-ақ халықтың санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тұрақты бақылау жүргізеді. Мал сатып алу кезінде оның ветеринариялық анықтамасына, сырғасына және жалпы клиникалық жағдайына назар аудару қажет. Мал тасымалдаумен айналысатын азаматтар ветеринариялық ілеспе құжаттарды толық рәсімдеу керек. Заңсыз мал тасымалдау мен рұқсатсыз сауда орындарының алдын алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр,- деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай.

Егер мал иесі өз үйінде құрбандық шалса, оған шектеу жоқ. Сонымен бірге арнайы рұқсат алмайды. Ал ұйымдастырылған орындарда мал дәрігерінен басқа тәртіп сақшылары, жедел жәрдем қызметі болады.

- Мешіт қызметкерлері діни рәсімнің шариғат талаптарына сай өтуіне қатысты нұсқаулықтар айтып, діни рәсімдерді атқарады. Аталған орындарда қызмет ететін қасапшыларға арнайы семинарлар ұйымдастырылып, малды шариғат талаптарына сай сою және санитарлық нормаларды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қасапшыларға арнайы рұқсат қағаздары табысталды,- деді «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев.

Оның айтуынша, онлайн және офлайн сұраныс берген адамдарға етті еріктілер жеткізіп береді. Бүгінде облыстық орталық мешітте 300-ге жуық мұқтаж адам сұраныс беріп үлгерген. Алайда кейде құнбандық еті бәріне бірдей жетпейді.

- «Нұр Ғасыр» мешітіне әлі де адамдар келіп жатыр. Алайда біз өтініш қабылдауды тоқтаттық. Өйткені ет жетпей қалуы мүмкін. Ал сайт Құрбан айт күні ашылады. Адамдар сол сайт арқылы да ет алу үшін де сұраныс бере алады. Талдау кезінде тапсырыспен құрбан шалғанға қарағанда сұраныс асып кетіп тұр,- деді Жексенбай Торбаев.

Айта кетейік, Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Құрбан айт мерекесі қарсаңында құрбандыққа шалуға мал сою, ет өнімдерін сақтау және тұтыну кезінде санитариялық және ветеринариялық талаптарды сақтау қажеттігін ескертті.