Ақтөбеде қыздар студентті ұрып, телефоны мен күртесін тартып алған

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Қыздардан таяқ жеген Ақтөбедегі С.Бәйішев атындағы колледждің үшінші курс студенті бір аптаға жуық ауруханада ем қабылдады. Қазір Қылмыстық кодекстің «Қорқытып алу» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С.Бәйішев атындағы колледждің үшінші курс студентін қыздар ұрып кеткен. Оның күртесі мен ұялы телефонын да тартып алған.

«Ақпарат 3 қазан күні кешкілік бізге жетті. Үшінші курс студенті ауруханаға түсті. Біз ата-анасымен хабарласып, жағдайын біліп отырмыз. Студент қыздың тәртібі, сабаққа қатысы жақсы. Қазір құқық қорғау органдары анықтау жұмысын жүргізіп жатыр. Ал колледжде тәрбие сабақтары өтуде», - деді С.Бәйішев атындағы жоғары медициналық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Иманова-Медеубаева.

Полиция бұл ақпаратты растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Полицияның кезекші бөліміне келіп түскен хабарлама бойынша 17 жасар студент қызды 4 қыз қорқытып, күш қолданып, «Samsung J6» маркалы ұялы телефонын және күртешесін ашық түрде тартып алған. Күдіктілер жәбірленушіге дене жарақатын салып, мүліктік шығын келтірген. Жәбірленушіден ақша бопсалаған. Күдіктілер ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Осы дерек бойынша қазіргі кезде Қылмыстық Кодекстің 194 бабының 2 бөлігі 1 тармағымен сот алды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар