Ақтөбеде мұнайшылар төбелесіп, біреуі пышақ жарақатын алды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазір 43 жастағы жұмысшының жағдайы тұрақты ауыр. Оқиғадан соң қылмыстық іс қозғалды. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оқиға кеше Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында болды. Екі жұмысшы жанжалдасып, бірі екіншісіне пышақ сұғып алған.

— Кеңқияқ ауылдық полиция бөлімшесі денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Алдын ала тергеу барысында анықталғандай, кәсіпорынның екі қызметкері мас күйінде жанжалдасып, салдарынан бірі екіншісіне пышақ жарақатын салған. Жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал жәбірленуші ауруханада жатыр.

— 28 сәуір күні сағат 5:00–де Кеңқияқ ауылдық ауруханасына 43 жастағы ер адам жеткізілді. Науқасқа барлық медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі кезде оның жағдайы тұрақты ауыр, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақмола облысында тұрғынды бұрынғы сыныптасы пышақпен жарақаттады. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды