Ақтөбеде жүкті әйелді алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі аударылып қалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Жедел жәрдем көлігінің ішінде науқас болған. Науқас екінші бригаданың көмегімен ауруханаға жеткізілді.

Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Оқиға таңертең Ақтөбе қаласы Сәңкібай батыр даңғылында болды. Жедел жәрдем көлігі мен Toyota соқтығысты. Салдарынан жедел жәрдем көлігі бір бүйіріне қарай аударылды.

- Оқиға салдарынан жедел жәрдем көлігінде болған науқас медициналық мекемеге жеткізілді. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолда мұқият болуға және арнайы жарық-дыбыс белгілері қосылған көліктерге жол беруге шақырады,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы қазір науқасты тексеріп жатқанын хабарлады.

-Жедел жәрдем көлігінің ішінде жүкті келіншек болды. Оны жүктілігінің 39-аптасында перзентханаға әкеле жатқан. Келіншек жол-көлік апаты кезінде жабық бас-ми жарақатын алды, миы шайқалды. Ол Ақтөбе медициналық орталығына жеткізіліп, қосымша тексеру жүргізіліп жатыр. Жағдайын дәрігерлер бақылауға алды. Ал жедел жәрдем бригадасы қызметкерлерінің жағдайы қалыпты. Олар жарақаттанбады,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе-Атырау тасжолында екі көлік соқтығысып, алты адам көз жұмды. Оқиға Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылы маңында болды. «ВАЗ» және «DAF» автокөліктері соқтығысқан.