Ақтөбеде оқушыны зорлады деген күдікке іліккен тұрғыннан полиция кешірім сұрады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғыны Нұрлан Шандин куәгер ретінде тергеуден өтті. Полиция оның фотосы әлеуметтік желіге қалай тарап кеткенін тексереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салайық, Ақтөбеде мектеп оқушысын зорлаған күдікті ұсталмай тұрып, әлеуметтік желіге Нұрлан Шандиннің фотосы тарап кеткен болатын. Осы оқиғадан кейін Нұрлан Шандин далаға шығудан қалып, ағайын-туыстың алдында масқара болғанын айтады. Қазір аталған оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр.

«12-17 желтоқсан аралығында Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің жеке құрамы аса ауыр қылмысты ашуға жұмылдырылды. Қылмыс жасалған аудан тексеріліп, күдіктінің сыртқы белгілері, яғни, киімі, бет пішіні бойынша ұқсас адамдар ұсталды. Кейін тексеру мақсатында полиция бөліміне жеткізілді. Куәгер ретінде тергеуге алынған қала тұрғыны Нұрлан Шандиннен жауап алынды. Оның қылмысқа қатысы жоқтығы тексеріліп, дәлелденген соң босатылды. Сырт киімі ұқсаған соң полицияға жеткізілген. Полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов онымен жеке кездесіп, жағдайды түсіндіріп, келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, Нұрлан Шандиннің суретін әлеуметтік желілерде таратқан адамдар анықталып, жауапкершілікке тартылатын болады.

«Мен полиция қызметкерлерінің ауыр қылмысты ашумен айналысқанын түсінемін, алайда менің суретім әлеуметтік желіде тарап кеткен. Полиция департаментінің бастығы кінәлілерді тауып, жазалайтынына уәде берді», - деді Н.Шандин.