Ақтөбеде он күнде мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапқа тартылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Қауіпсіз жол» акциясы өтіп жатыр. Он күнде мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының аумағында жүргізушілер арасында жол-көлік оқиғасының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз жол» акциясы өтіп жатыр. Он күнде жүргізуші мен жаяу жүргіншілер арасында 7 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелді.
«Қозғалыс жылдамдығы ережелерін бұзғаны үшін 896 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен бірге мас күйінде көлік айдаған 62 жүргізуші анықталды. Ал 85 жүргізуші жолдың қарсы бағытына шығып, өзіне ғана емес, өзгеге қауіп төндірді. Жаяу жүргіншілерге артықшылық бермегені үшін 623 жүргізуші әкімшілік тәртіппен жазаланды. Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапқа тартылды. Бағдаршамға бағынбайтындар да бар»,- дейді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Ақтөбе облысының полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушысын ережені сақтауға шақырады.