Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында биыл ғана 18 жасқа толған айыпталушының ісі түсті. Оған Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Соталды тыңдауы кезінде прокурор айыптау актісін оқыды.
Іс материалына сүйенсек, биыл наурыз айының ортасында Шалқар қаласының «Маяк» және «Рабочий» тобының (қала ішіндегі екі шағын аудан – ред.) 2008 және 2010 жылы туған балалары арасында кикілжің болады. Сол кезде «Маяк» тобының балалары дене жарақатын алған. Орал қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жүрген айыпталушы мұны естіп, ауылына қайтады.
- 2026 жылы 19-наурыз күні сағат 20:00 шамасында айыпталушы анасының көлігіне отырып, компьютер клубына, одан кейін дүкен маңына барады. Көлігіне «Маяк» тобының балаларын отырғызып алады. Содан көлікпен «Рабочий» атаулы тобының балаларын іздейді. Жол бойы кездескендерді тоқтатып, сұрайды. Сағат 23:00 шамасында қала көшелерінің біріндегі үй маңында тұрғанда тағы бір көлік аялдайды. Көліктен түскендер жанжал шығармауды сұраған. Алайда жиналып тұрған балалар арасында келіспеушілік өрши бастаған. Айыпталушының жанына келген жәбірленуші өзара сөйлеседі. Одан кейін екеуі жиналып тұрған топтан бөлек шығып, көліктен 3-4 метр жерге барып сөзге келіп қалған. Айыпталушы бейбіт түрде шешпей, ашу мен ызаға салынып, аса ауыр қылмыс жасауды, адам өлтіруді, яғни басқа адамды қасақана қазаға ұшыратуды көздеп пышақты сол жақ кеуде тұсына бағыттап, бір рет қатты соққы жасаған. Өзі оқиға болған жерден бой тасалап, қашып кеткен. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмлды,- деді прокурор.
Сот-медициналық қорытындыға сәйкес Әлихан Жәнібековтің сол жақ өкпе артериясы зақымданып, көп қан кеткен. Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 9, 14 тармақтары бойынша айып тағылып отыр. Қаза болған жасөспірімнің анасы Рауан Жүрсінқызы өзінің кешірім бермейтінін, заң аясында қатаң жазалауды сұрады.
- Қылмыс менің үйімнен 500 метр қашықта болды. Менің балам бірінші болып барады. «Родной, сөйлесейік, шешілмейтін мәселесі жоқ» дегеніне қарамай, сөзге келмей баламның кеуде тұсына пышақ сұғып алады. Балам жан тапсырады, ал айыпталушы қашып кетеді. Заң алдында ауыр жаза алсын. Талабым сол. Кешірім бермеймін,- деді.
Еске салсақ, полиция сол кезде жанжал ішінде болған барлық күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады.
Әлихан Жәнібектің әкесі Жәнібек Әлиманов қала ішінде аудан-аудан болып төбелесетіндер бар екенін айтты. Бұл оқиғада да бір емес, бір топ жасты қылмыстық жауапқа тарту қажет деп санады.