Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы осыдан төрт жыл бұрын құм тоқтату жобасына қаржы бөлді. Алғашқы жоба Ырғыз ауданы Жарма ауылында іске асырылуы керек болды. Жоба құны – 144,2 млн теңге. Мердігер 11,7 гектарға 19 200 түп сексеуіл көшетін отырғызуы тиіс. Алайда жұмыс толыққанды атқарылмады.
- Ырғыз ауданы Жарма ауылына келер болсақ, құм тоқтату жұмыстарына 144,2 млн теңге қарастырылған. Оның 16,5 млн теңгесі ғана аударылмады, қалғаны игерілді. Бұл – 125,7 млн теңге. Мұнда мердігер ұңғыма қазбаған, тамшылап суару жүйесі жоқ. Іс сотқа жетіп, мердігер 5 млн теңгеден астам қаржыны кері қайтарды,- деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Құлмағамбетов.
Екінші жоба - Байғанин ауданының Баршақұм мен Жарқамыс ауылдарындағы құм тоқтату жұмысы. Мұнда аумақ қоршалды, ұңғыма қазылды, суару жүйесі бар. Бірақ еккен сексеуіл шықпай қалды.
- 22 гектарға 42 300 түп сексеуіл отырғызылуы тиіс болды. Тексеру кезінде жұмысты толыққанды атқармағанын көрдік, келісімшарт үзілді. Енді іс сотқа жолданады. Екі жобаға 362 млн теңге аударылды. Ақтөбе облысында осы үш жоба құм тоқтату жұмысының басы еді.
Алайда үш жоба да нәтижесіз болып тұр. Ол мердігердің салғырттығынан,- деді Бекболат Құлмағамбетов.
Оның айтуынша, алдағы уақытта құм тоқтату жұмысы орман шаруашылықтарына жүктелуі мүмкін.
Еске салсақ, Ақтөбе облысында 19 ауылды құм басу қаупі төніп тұр. Әсіресе Байғанин, Ырғыз, Темір және Шалқар аудандарында құм көшкіні тіркелді.