Ақтөбеде құм көшкінін тоқтата алмаған мердігердің ісі сотта қаралып жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Мердігерлер мыңдаған түп көшет еккенімен, суару жұмыстарына қажетті ұңғыма қазбаған. Сөйтіп екпенің көбі қурап кетті, құм көшкіні тоқтамады.
Ақтөбе облысындағы құм тоқтату жұмыстары өз нәтижесін бермеді. 2022 жылы басталған жұмыстың бәрі де тоқтап тұр. Себебі көшеттер қурап қалды. Ал тапсырыс беруші Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мердігерлергі сотқа берді.
– Ырғыздың Жарма, Байғаниннің Баршақұм, Жарқамыс елдімекендерінде жоба бойынша 650 млн теңге қаралып, оның 500 млн теңгесі мердігерлерге төленді. Бүгінгі күні құм тоқтату үшін еккен ағаштар қурап кеткен. Бөлінген ақша құмға сіңген судай жоқ. Шарасыздықтан сотқа жүгініп отырмыз. Ал орман шаруашылығы мекемесіне 18 трактор, көшет отырғызуға арналған 10 техника алынды. Демек бізде мамандандырылған техникасы бар кәсіби мекеме бар. Мамандар тал отырғызу, оларды баптаумен айналысады. Неге біз қаржыны жеке шаруашылықтарға береміз? Неге орман шаруашылығына бермеске? - деді Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Құдайберген Бекенов сессия отырысында.
Шын мәнінде Ақтөбе облысында 19 ауылды құм басу қаупі төніп тұр. Әсіресе Байғанин, Ырғыз, Темір және Шалқар аудандарында құм көшкіні тіркелді. Сол кезде алдымен Ырғыз ауданы бойынша 5 елдімекенге арналған жоба дайындалды. Жарма ауылындағы құм тоқтату жұмыстарына «Aqtobe green garden» ЖШС жауапты болды. Мемлекеттік сатып алу конкурсы 2022 жылы ақпанда өтіп, 24,2 млн теңге қарастырылды. Бүгінде орның 7,7 млн теңгесі игерілген. Сонымен бірге сол жылы маусым айында тағы 119, 7 млн теңге қарастырылып, қаржының бәрі иегерілген. Алайда нәтиже жоқ.
– Мердігер компания Жарма елді мекенінің 5 гектар аумағына 35 мың түп ағаш отырғызды. Алайда ағаштардың күтімі жасалмады, шығымы 5 пайыздан төмен, суару жүйесі орнатылмаған, 3 су ұңғымасы қазылмаған. Аталған кемшіліктер бойынша келтірілген залалды бюджетке қайтару үшін материал сотқа жолданды және өндіріп алу рәсімі басталды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы.
Екінші жоба Байғанин ауданында қолға алынды. Баршақұм және Жарқамыс ауылдарындағы құм тоқтату жобаларының жалпы құны — 504 млн теңге. «Garant Story-K» ЖШС-мен арадағы келісімшарт 2023 жылы жасалды. Бүгінде қаржының 362, 5 млн теңгесі игерілген. Жұмыс биыл маусымда тексеріліп, кемшіліктер анықталды.
– Баршақұм елдімекеніндегі 3 учаскеде қамыс қоршау орнатылмаған, екпе материалдарының өсімі өте төмен, суару жұмыстары жүргізілмеген. Жарқамыстағы 6 учаскеде де қамыс қоршаулары орнатылмаған, өсім деңгейі өте төмен. Ескертулер бойынша тиісті шаралар қабылданбаған. Орындалмаған жұмыстарға да ақша аударылған. Осыған байланысты екі жоба бойынша анықталған бұзушылықтарды қалпына келтіру мақсатында сотқа талап арыз жолданды. Іс қаралып жатыр. Ақтөбедегі орман шаруашылығы мекемелерініңі материалдық-техникалық базасы нығайту үшін биыл 683 млн теңге қаражат бөлініп, қажетті техника сатып алынды. Құм тоқтату жобаларын тиімді іске асыру үшін жұмысты орман шаруашылығы мекемелеріне бекіту және қаржыландыру орынды деп санаймын, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық
сотына талап арыз түсіргенімен, істі қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылды. Кейін талап қоюшы басқарма 5 068 500 теңгені өндіру туралы қосымша шешім шығаруды сұрады. Алайда бұл арыз да қанағаттандырылмады.
Сонымен бірге «Aqtobe green garden» ЖШС-і де Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасын сотқа берді. Іс материалына сүйенсек, алдымен негізгі келісімшартқа қол қойып, кейін қосымша келісім жасалған. 2022 жылы жұмыс басталып, жұмыс 2024 жылдың 31-желтоқсанында бітуі тиіс. Мердігер тапсырыс берушіден 13 207 743 теңгені өндіруді сұрады. Осы сомада жұмыс қабылданбай, ақшасы аударылмаған. Бұл қаржыға құбыр тартылып, тамшылап суаруға арналған құрылғы алынған, сексеуіл егілген. Тек 24 метрлік ұңғыма қазғанымен, су шықпаған. Ал жобалық-сметалық құжатта 15 метрден су шығады деп болжанған. Мердігер сотта екпелер қурап қалмауы үшін суды тасымалдағанын айтты. Ал тапсырыс беруші келісімшарт талаптары орындалмағанын, ұңғыма қазылмай, тамшылап суару іске қосылмағанын, сексеуілдің бір бөлігі қурап, қосымша егу жұмыстары жүргізілмеген айтты. Сот талап арызды қанағаттандырмады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбедегі елдімекендерде 500 мың көшет егу міндеті бар. Ал орман алқабын молықтыру жоспары — 60 млн 289 мың түп екпе материал. Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Таласбаев көгалдандыру, абаттандыру және құм тоқтату жұмыстарының жайын айтып берді.