Ақтөбеде террористік акт кезінде қаза болған әскерилерді еске алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әскери бөлімде өткен жиынға күштік құрылым басшылары мен облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты. Ескерткіш белгінің алдында бір минуттық үнсіздік жарияланып, гүл қойылды.

«Бейбіт күні қылмыскерлердің қолынан полиция, әскери қызметкерлермен бірге тұрғындар да қаза тапты. Қылмыскерлердің арамза ойларын орындауға құқық қорғау органдарының жедел шаралары мүмкіндік берген жоқ. Халықтың тыныштығын қорғау жолында 66/55 әскери бөлімінің сарбаздары майор Даниель Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы жауынгер Досбол Сапардың қазалары орны толмас өкініш. Аталған азаматтардың жанкештілікпен жасаған әрекеттері лайықты бағасын алып, тәуелсіз Қазақстанның ерліктер жылнамасында жазылып қалды. Бұл оқиға барлығымыз үшін үлкен сабақ болып, қоғамға енген дертпен тек мемлекеттік органдар ғана емес, жалпы қоғам болып күресуіміз қажет»,-деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Айта кетейік, 2016 жылдың 5-маусымы күні лаңкестер алдымен қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, екі топқа бөлінді. Бірі 6655 әскери бөліміне, екіншісі қаланың ескі бөлігіндегі қару-жарақ дүкеніне басып кірді. Салдарынан 8 әскери қызметкер мен бейбіт тұрғын қаза тапты. Лаңкестердің жетеуі сот үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал қаза болған ақтөбеліктердің отбасына материалдық көмек беріліп, әскери бөлімде есімдері жазылған ескерткіш тақта орнатылды.