Ақтөбеде террорлық шабуыл жасалуы мүмкін нысандар тексеріліп жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті тексеру жұмыстарын бастады. Биыл тексерілген 2 нысан террорлық шабуылға дайын болмай шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық ІІД бүгін базар басшыларымен кездесті. Кәсіпкерлер үшін кіру, шығу есіктеріне камера қондырып, оның жазбасын 30 күн сақтау міндеттелген. Көбі бұл талаптан сүрініп, өткен жылы айыппұл төледі. Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметі, облыстық ІІД терроризмге қарсы күрес басқармасы талаптар тізімімен тексеріп, заңсыздық тіркелсе, ұйғарым беріледі. Өткен жылы Ақтөбе облысында 465 ұйғарым беріліп, оның 34-і бойынша айыппұл төленді. Олар белгіленген мерзім ішінде заң талаптарын орындамаған..

«Ақылды қала» бағдарламасы арқылы террорлық тұрғыдан осал нысандардың бейнебақылау камерасын қадағалауға алуды жоспарладық. Олардың қатарына мектеп, балабақшалар кіреді. Алдымен бәріне камера қондырылып, кейін бір тектіктен бақылау жүргіземіз. Техникалық тексеру жыл сайын жүргізілетін болады»,- деді Ақтөбе облыстық ІІД басқарма бастығы Бауыржан Атабаев.

Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексі бойынша ірі кәсіпорындар 500 АЕК, орта кәсіпкерлер 300 АЕК, ал шағын кәсіпкерлер 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ал басшыларға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ақтөбе облысын бойынша айыппұл төлеген 7 мектеп директоры бар. Олар террорлық тұрғыдан осал нысандарда қауіпсіздік талаптарын орындамады. Директорларың әрқайсысы 200 мың теңгеден астам айыппұл төледі. Халық көп шоғырланатын нысандар: «Ақжелкен» аула клубы, Ақтөбе қаласындағы ат спорты мектебі, Қобда ауданындағы Егіндібұлақ жастар үйі, Шалқар ауданындағы №7 орта мектеп, Шалқар ауданының Бершүгір орта мектебі, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласындағы № 1, №2 орта мектептері, Ойылдағы Дербісалин орта мектебі, Алға ауданындағы Есет батыр мектеп-балабақшасы бар. Сонымен қатар, мейрамханалар мен Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базары талапты орындамай, жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, өткен жылы 34 әкімшілік жаза қолданылып, 14 миллион теңге айыппұл өндірілді. Құқық қорғаушылары қазіргі кезде тек камера қондыру, оның жазбасын 30 күн сақтауды қатаң бақылайды. Бірақ қытайлық камералар сапасыз, адамдардың бет-әлпеті көрінбейді. Әзірге бұл кемшілік техникалық талаптар төлқұжатына кірмейді.

«Стратегиялық нысандар ішінде Ақтөбе жылу электр орталығы, «Жаңа Әлжан» диірмен комбинаты, «ТетисАралГАЗ» ЖШС-ның Ақкөл, Қызылой кен орындары, Жаңажол газ  өңдеу зауыты «ҚазақОйлАқтөбе» ЖШС, «Каспий нефть» ЖШС, Алға ауданындағы мұнай құю нысанының қоршауы бар. Ал қауіпті өндіріс нысанының арасында Ақтөбе қаласындағы ұлттық сараптама орталығының нысаны заң талаптарын орындамады. Бәрі айыппұл төледі»,- деді Бауыржан Атабаев.