Ақтөбе облысы бойынша биыл 16 мыңнан астам балаға қаржылай және материалдық көмек көрсетіледі. Ол үшін бюджеттен 800 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен бірге төтенше жағдай жарияланған Қарауылкелді ауылының оқушыларына мектепке әзірленуіне көмек беріледі.
- Табиғи апат кезінде мүлкі бүлінген отбасы балаларына да біржолғы көмек беріледі. Барлығы 110 отбасы бар. Бұл отбасыларда 202 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 96 бала әлеуметтік көмек алуға құқылы санатқа жатады. Қалған 106 бала төтенше жағдай салдарынан қаржылай және материалдық қолдауды қажет етеді. Соған байланысты балаларға біржолғы көмек қарастырылды,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Еске салсақ, қатты дауыл кезінде Қарауылкелді ауылында 254 тұрғын үй, 14 әлеуметтік нысан, 24 кәсіпкерлік субъектісі және 6 әкімшілік ғимарат зақымданды.
Осы аптада Байғанинде білім беру нысандарын жөндеу басталды. №2 және №3 Қарауылкелді орта мектептерінің шатырлары қайта жабылады.