Ақтөбеде жол-көлік оқиғасы көбейді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық полиция департаменті жылды қорытындылады. Өңірде жол апаты көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің және облыс прокуроры Марат Қайбжановтың қатысуымен жедел - қызметтік жұмыстың қорытындысы, тәртіп пен заңдылық мәселелері, азаматтардың өтініштерін қарау жұмысы қаралды.

«Өткен жылы Ақтөбе облысында 11 мыңға жуық қылмыс тіркелді. Облыстағы жағдай тұрақты бақылауда тұр. Бірақ бізге тергеу және жедел-іздестіру бағытында жұмысты күшейту қажет»- деді облыстық ПД бастығы полиция полковнигі Атығай Арыстанов.

Өңірде кісі өлтіру қылмысы 16,4%, қарақшылық шабуыл 14,3% , тонау 30,1%, бөтеннің мүлкін ұрлау 32% азайды.

«Бүгінгі таңда мәселелердің бірі - жол-көлік оқиғаларының көбеюі. Осы бағытта өткен жылы 50-ден астам жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Алайда қабылданған шараларға қарамастан 2019 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларының саны 35,3% ( 643-тен 870-ке), қаза болғандар 15,8%, жараланғандар 47,4% өсті», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Қанат Әлиев.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары үшін облыстық ПД жеке құрамына алғысын білдіріп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу шаралары негізінде және сыбайлас-жемқорлыққа қарсы әрекет жөнінде бірқатар нұсқаулар берді. Өңір басшысы алдағы уақытта да атқарушы орган полицияның материалдық-техникалық жабдықталуына көмек көрсетілетініне сендірді.