АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Екі көлік соқтығысқанда бес адам оқиға орнында, ал біреуі ауруханада көз жұмды. Дәрігерлер ота жасағанымен, аман алып қалу мүмкін болмады.
Кеше Ақтөбе-Атырау тасжолындағы жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізуші мен төрт жолаушы көз жұмды. Бір жолаушы Байғанин аудандық ауруханасына жеткізілді.
— Ақтөбе қаласынан травматолог, нейрохирург дәрігерлері барып, ауданда ота жасады. Алайда жол апаты кезіндегі жарақаты ауыр болып, 32 жастағы науқас көз жұмды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, республикалық тасжолда «ВАЗ» және «DAF» автокөліктері соқтығысқан. Полиция әзірге қай көліктің жол ережесін бұзғанын хабарламады.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.