Ақтөбеде жол-көлік оқиғасынан соң Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі жабылды

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жол бүгін сағат 09:40–та жабылды. Шектеу барлық көлікке бірдей қойылды. 

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалының хабарлауынша, шектеу шұғыл қойылды.

— Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы болып, бүгін сағат 09:40–та республикалық маңызы бар «РФ шекарасы — Мәртөк — Ақтөбе — Қарабұтақ — Қызылорда — Шымкент — Тараз — Қордай — Алматы — Қорғас — ҚХР шекарасы» тасжолының 844-965 шақырымы аралығына, яғни Хромтау қаласы мен Қарабұтақ ауылы учаскесінде көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды, — деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, оқиға бүгін Самара — Шымкент тасжолында болды. Полиция таратқан ақпаратқа сүйенсек, жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жүргізуші мен ГАЗель автокөлігінің 10 жолаушысы көз жұмды.  Қазіргі кезде үш адамның жағдайы ауыр, екеуінің жағдайы орташа. Бәрі де Хромтау аудандық ауруханасында жатыр.