Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Самара – Шымкент тасжолының 830 шақырымында жол-көлік оқиғасы болды. «Ваз 21120» автокөлігінің 22 жастағы жүргізушісі Ақтөбе қаласынан Хромтау қаласына бағыт алып, алдындағы «Schmitz» жүк автокөлігіне соғылды.
«Жүргізуші жолдың тайғақ екенін ескермеген. Жүк көлігіне соғылып қалды. Жол апаты салдарынан жеңіл көлік жолаушысы Хромтау аудандық орталық ауруханасына жеткізілді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетейік, ауа райы күрт өзгеріп, қар жауып, боран соққандықтан Самара – Шымкент тасжолының Хромтау-Қарабұтақ арасы жабылды.