Ақтөбедегі террористік қауіп тұрғысынан осал нысандар төтенше оқиғаға дайын емес - ІІД

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 700-ден астам нысан террористік шабуыл тұрғысынан осал болып саналады. Биыл облыстық ішкі істер департаменті 200-ден астам ғимаратты тексеріп, кемшіліктерді анықтады, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі мемлекеттік, стратегиялық, өнеркәсіптік нысандар саны 700-ден асып кеткен. Мұның бәрі террористік тұрғыда осал нысандар қатарына жатады. Оларда бақылау-өткізу бекеттері, инженерлік-техникалық жабдықталуы жоғары күзет қызметі болуы тиіс. Бұл жұмысшылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шара.

«Нысандардағы қауіпсіздік шарасының талаптары арнайы бекітілгенімен, өңірде бірқатар мекемелердің қорғаныс шаралары қанағаттанарлық деңгейде емес. Жыл басынан бері Ақтөбе облысы ІІД-нің жұмыс тобы 256 нысанды тексерді. Оның 24-і аса маңызды мемлекеттік нысан, 19-ы стратегиялық, 11-і қауіпті өндірістік және 202-сі адамдар көп шоғырланатын жер. Тексеру нәтижесінде 183 нысанның жауапты жетекшілері мен мамандарына кемшіліктерді жою нұсқамасы жіберілді», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Нұргүл Қонақбаева.

Тексеру нәтижесінде  Әкімшілік құқықбұзушылық Кодекстің «Террористiк тұрғыдан осал объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамау және (немесе) тиiсiнше орындамау» бабы бойынша бойынша 10 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Тағы үшеуі Кодекстің «Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары өздерінің құзыретi шегiнде берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды, ұсынуларды, қаулыларды орындамау немесе тиiсiнше орындамау» бабы бойынша айыппұл төлейді.