Ақтөбелік археологтар Бопай ханым қорымын зерттеуге қаржы күтіп отыр
Қазақстанның киелі жерлер географиясына Ақтөбеден 10 нысан енгізілді. Олар: Есет батыр, Қобыланды батыр, Абат Байтақ, Досжан ишан, Есет Көтібар, Исатай батыр кесенелері мен Хан моласы, Жаманшың метеориті, Ойсылқара мен Бопай ханым қорымы. Бәрінен бұрын Бопай ханым қорымы зерттеуді қажет етіп тұр. Себебі, Кенесары ханның батыр қарындасы Бопай ханымның жерленген жері Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Кілемжайған ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым деп көрсетілген деректі тарихшы Серік Әжіғали өз монографиясында жазған. Бірақ осыдан басқа нақты ақпарат пен зерттеу жоқ. Тіпті бейіт қирап, бүлініп жатыр.
Айта кетейік, Бопай бейітінен өзге Байғанин ауданындағы Жем өзені бойынша Құдабай батыр қорымын зерттеу жоспарда тұр. Орталық директоры Аслан Мамедовтың айтуынша, Ойыл ауданындағы Керуен сарай кешенін қайта қалпына келтіруді көздеп отыр. Ал Досжан ишан мешіті мен Сәкен ишан мешітін қайта қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжат да дайындау керек.
«Таяуда біз Қазақстанның киелі жерлер тізіміне енген 10, облыстық маңызы бар 34 нысанды кезең-кезеңімен аралап, бәрін суретке түсіріп, ақпарат жинаймыз. Әрі жаңа нысандарды бағдарлап, мәліметтер жазамыз. Мұның бәрі Батыс Қазақстанның энциклопедиясына жинақталып жатыр. Алдағы уақытта Ақтөбенің киелі жерлер энциклопедиясы жасалады»,- деді Аслан Мамедов.
Ақтөбе облыстық мәденит басқармасының хабарлауынша, Бопай ханымды зерттеуге қаржы әлі бөлінген жоқ. Мамандар қаржы бөлу жұмысының қашан шешілетінін де білмейді.