Ақтөбеліктер кез келген жерге букмекерлік кеңсе ашып алуды әдетке айналдырған

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 100-ден астам букмекерлік кеңсе болса, оның 42-сі ғана салық органдарына тіркеліп, заңды жұмыс істеген. Өзгесі салықтан жалтарып, заңсыз жұмыс істеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті мен прокуратура өңірдегі ойын бизнесін тексерді. Облыстық  мемлекеттік кірістер департаментіне тіркеліп, заңды жұмыс істеп тұрған 42 букмекерлік кеңсе бар екен. Қала көшелерін тексеру, бақылау кезінде облыста барлығы 137 кеңсе бар екені анықталған. Көбі Ақтөбе қаласында. Сонымен қатар, Хромтау, Шалқар, Мұғалжар, Темір аудандарында да букмекерлік кеңсе жұмыс істеп келген.

«Барлығы жүзге жуық ойын мекемесі салық органдарына тіркелместен жұмыс істеген. Олар осы күнге дейін лицензиясыз қызмет көрсетіп келген. Букмекерлік кеңселердің 9 кассасы мемлекеттік кірістер департаментінің тіркеуіне алынды. Рейдтік тексеруден соң салық заңнамаларын сақтамаған 2 кеңсе бойынша іс сотқа жолданды. Ал 34 касса заңсыз қызметін өз еркімен тоқтатты. Сонымен қатар, қаланың барлық букмекерлік кеңселерінің электронды картасы әзірленді. Картада олардың орналасқан мекенжайы, аталған қызметпен айналысуға сәйкестік лицензиясының бар-жоғы, уәкілетті органда тіркеуде болу-болмауы туралы мәліметтер көрсетілген», - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, өткен жылы 7 букмекерлік кеңсеге шабуыл жасалған. Биыл бір дерек тіркелді.

«Заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл жұмысына Букмекерлердің өзін-өзі реттеу Ассоциациясы тартылды. Облыс прокуратурасының қолдауымен мемлекеттік кірістер департаменті мен ассоциациясы арасында ынтысмақтастық пен өзара түсіністік меморандумына қол қою жоспарлануда. Келісімге сәйкес Ассоциация біздерге заңсыз букмекерлік кеңселер туралы ақпараттарды ұсынады. Сонымен қатар, прокуратура ойын бизнесі туралы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірледі.  Міндетті резервтің болуы, кассалардың жеке оқшау тұрған тұрғын үй-жайға жатпайтын ғимараттарда орналасуы, бейнекамералардың болуы міндеттелуі тиіс»,- деді облыс прокуратурасы.