Жасы 18-ге толып, алғаш рет таңдауын жасағандар арасында студенттер басым. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің II курс студенті сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып барды.
— Болашақ ағылшын тілі маманымын. Сайлауға бірінші рет қатысқан соң қожалжығаным рас. Бұл — жауапкершілік. Менің ойымша, елдің әр азаматы мұндай науқаннан тыс қалмауы керек. Тарихи сәттің куәсі болғаныма қуаныштымын, — деді студент Рукайя Досжан.
Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, облыста 522 сайлау учаскесі қалыпты жұмыс істеп тұр. Оның 14-і жабық сайлау учаскесі. Аурухана мен түзету мекемелеріндегі сайлау учаскесі сағат 07:00–де ашылды. Егер тізімдегі сайлаушылардың бәрі дауыс берсе, учаске жұмысын ерте аяқтай алады.
Қала мен аудандардағы сайлау учаскелерінде жәрмеңке ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер мен шаруалар өз өнімін ұсынды. Сатылымда сүт және сүт өнімдері, кондитерлік тәттілер, көкөніс пен жеміс-жидек бар.
Айта кетейік, Ақтөбедегі үш сайлау учаскесі жұмысын сағат 06:00–де бастады. ҚР Ұлттық ұланның 6655 әскери бөліміндегі әскери қызметшілер, Мұғалжар ауданы Жағабұлақ және Саға ауылдарында вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшылар өз таңдауын жасады.