Ақтөбеде әскери қызметшілер мен мұнайшылар дауыс беріп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — ҚР Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде әскери қызметшілер, Мұғалжар ауданы Жағабұлақ және Саға ауылдарында вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшылар өз таңдауын жасап жатыр. Үш сайлау учаскесі жұмысын сағат 06:00–де бастады.
№ 87 сайлау учаскесі Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде орналасқан. Мұнда Отан алдында борышын өтіп жүрген сарбаздар өз таңдауын жасап жатыр. Учаскеде барлығы 982 сайлаушы тіркелген. Сайлаушыларға 3 мыңға жуық сайлау бюллетені дайындалды. Әр сайлаушыға үш бюллетень берілді.
— Бүгін өзімнің азаматтық борышымды орындап, дауыс беруге қатыстым. Ел болашағы үшін ер азаматтың таңдауы маңызды деп есептеймін. Сондықтан өз таңдауымды жасап, Қазақстанның жарқын болашағына үлес қостым, — деді 6655 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Ерасыл Ермекұлы.
Ал Мұғалжар ауданындағы қалалық және ауылдық округтерде 43 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 11-і Қандыағаш қаласында, 6-ы Ембі қаласында орналасқан. Ауданда барлығы 40 590 сайлаушы тіркелді. Соның ішінде мұнайшылар дауыс беріп жатқан Жағабұлақ ауылындағы № 330 сайлау учаскесінде 1008 сайлаушы, Саға ауылындағы № 332 сайлау учаскесінде 2498 сайлаушы бар.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 721 сайлау комиссиясы жұмыс істеп тұр. Оның 14-і аумақтық, 185-і округтік ал 522-і учаскелік сайлау комиссиясы. Облыста сайлауға қатысатын 579 741 азаматқа хабарлама жіберілді, тең жартысына жуығына шақыру қағазы таратылды.