Ақтөбе облысында 721 сайлау комиссиясы жұмыс істейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жексенбі күні елімізде ҚР мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Ақтөбе облысы бойынша 721 сайлау комиссиясы жұмыс істеп тұр. Оның 14-і аумақтық, 185-і округтік ал 522-і учаскелік сайлау комиссиясы.

Ақтөбе облысында 721 сайлау комиссиясы жұмыс істейді
Фото: Астана әкімдігі

Сайлау комиссияларына 4 473 адам мүше. Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 14 учаскелік сайлау комиссиясы адамдар уақытша тұратын орында орналасқан.

— Қалалық, аудандық сайлау комиссиялары үш сайлау учаскесінің жұмыс уақытын өзгертті. Бұл учаскелерде дауыс беру сағат 06:00–де басталады. Олар: Ақтөбе қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімі орналасқан № 87, Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылындағы № 330 және Саға ауылындағы № 332 сайлау учаскелері. Екеуінде вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшылар дауыс береді. Сайлау заңнамасына сәйкес аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының орналасқан жері, жұмыс кестесі туралы ақпарат таратылды. Учаскелік сайлау комиссиялар жұмысын 9 қараша күні бастады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясы.

Облыста сайлауға қатысатын 579 741 азаматқа хабарлама жіберілді, тең жартысына жуығына шақыру қағазы таратылды.

— Облыста дауыс беруге құқылы 2 719 мүгедектігі бар адам тұрады, оның 1 125-і арба пайдаланады. Сонымен бірге 740-ы есту қабілеті, 854-і көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар адам. Олар үшін барлық сайлау учаскесі қолжетімді. Учаске бірінші қабатта орналасқан және пандус, тактильді белгілері бар жабдықпен қамтылған. Сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар ададамдарға арналған бұрыш, компьютер, құлаққап және үлкейткіш құрылғы бар, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясы.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің 20 өңіріне инспекциялық сапармен барды. Мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық аясында олар 100-ден астам сайлау учаскесін аралап, сайлау комиссияларының 3 382 мүшесі қатысқан 21 оқыту семинарын өткізді.