АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов бүгін Спутник-V вакцинасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлері вакцина қабылдауды жалғастырып жатыр. Алдымен тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін учаскелік инспекторлар екпе алды. Бүгін департамент басшысы Атығай Арыстанов та иммундау шарасынан тыс қалмады.
«Вакцина қабылдаған соң оның кері әсерін сезбедім. Әлсіздік болмады. Менің ойымша, өзіңді және жаныңа жақын адамдарды қорғаудың ең тиімді жолы осы. Алдағы уақытта полиция қызметкерлерінің бәрі екпе қабылдайды», - деді облыстық ПД бастығы Атығай Арыстанов. Облыс бойынша барлығы 2 мыңнан астам құқық қорғаушы иммундалады. Оның 500-ге жуығы екпе қабылдап үлгерді.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.