Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сот: іске жаңа жәбірленуші қосылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform

Бүгінгі сот отырысында судья Mercedes автокөлігінде қаза тапқан қыздың әкесін жәбірленуші деп таныды. Ер адам бұрынғы әйелінің айыпталушыға кешірім бергенін естігеннен кейін сот процесіне араласуға шешім қабылдаған. Ол 19 жасар қызын өзі өсіріп, бағып-қаққанын және жерлеу рәсімін де өзі ұйымдастырғанын атап өтті.

Ал Александр Пактың адвокаты ер адамның бұған дейін сотталушының Тараздағы ата-анасына барып қайтқанын айтып, бұл әрекетті «құқықты асыра пайдалану» деп атады және өтінішті қанағаттандырмауды сұрады.

Марқұмның әкесі бұрынғы әйелімен 2018 жылы ажырасып кеткенін, бірақ соған қарамастан қызын өзі тәрбиелеп, аялап өсіргенін атап өтті. Сондай-ақ жер қойнына екінші перзентін тапсыруға мәжбүр болғанын айтып, көзіне жас алды. Айтуынша, бірінші қызы сәби кезінде шетінеп кеткен екен.

Ол бұрынғы әйелінің апатқа кінәлі тараптан өтемақы алып, кешірім бергені туралы жаңалық оның төбесінен жай түскендей әсер еткенін мәлімдеді. Ер адам қызының анасы бұл қадамға басқа балаларының болашағы үшін барды деп санайды, бірақ өзі сотталушыға ешқандай кешірім бермейтінін атап өтті.

— Мен оны өзім бағып-қақтым, тәрбиеледім, жанымдай жақсы көрдім. Қызым менің бұрынғы әйеліммен татуласқанымды қатты қалады, соңғы уақытта бұрынғы жұбайыммен қарым-қатынасымыз шынымен де реттеле бастаған еді. Үш айдан бері ұйқыдан қалдым, — деді ер адам.

Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Іс бойынша сот отырысында жәбірленушілер Александр Пакке кешірім берді.

Сондай-ақ Әл-Фарабиде даңғылында болған жол апатының бейнежазбасы сотта көрсетілді.

Бірнеше куәгер сотта жаңа деректермен бөлісті.

Сондай-ақ сотта 32 жастағы айыпталушы Александр Пактан жауап берді.