Алаяқтарды анықтау жұмыстары күшейтілді - Бас прокуратура
АСТАНА. KAZINFORM – 200-ден астам дроппер сотталды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты.
– Бұрын қылмыскерлер біреудің мүлкін күш қолданып тартып алса, қазір олар смартфон мен компьютерді құрал ретінде пайдаланады. Интернет алаяқтық тәсілдері әртүрлі болып отыр. Бұл бағытта азаматтардың қаражатын жымқыру деректері аз емес. 2024–2025 жылдар аралығында 5 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталды. Оның ішінде 453 интернет-алаяқ, 85 киберқылмыстық топ анықталды, 200-ден астам дроппер сотталды. Дроппер деп алаяқтарға көмектесіп, өз шоттары мен карталарын пайдалануға бергендерді атаймыз, – деді Ж. Өмірәлиев.
Оның айтуынша, ішкі істер органдары бұл бағытта арнайы құрылымдар құрып, жұмысты күшейтіп отыр. Прокуратура мен полиция бұл жұмысты бірлесіп жүргізіп жатыр. Парламентте заңнамалық өзгерістер қарастырылған. Бұл ретте ұялы байланыс операторлары мен банктердің де жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылған.
Еске салсақ, жақында Алматы облысында 19 жастағы жігіт басқарған дропперлер тобы ұсталды.
Елімізде интернет алаяқтарға құрбандық тауып беретін дропперлерге қылмыстық жаза күшейтіледі.