Ұсынылған өзгерістер рұқсат етілмеген жиындарға қатысып, полицияның шеруді тоқтату талабын орындамағаны үшін және жеке басын жасырғаны үшін салынатын айыппұлды көбейтуді көздейді. Атап айтқанда, жеке басын жасырып, жиынды тарату туралы полиция талабына бағынбағандарға 50 мыңнан 500 мың лекке дейін (2,8 млн теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін. Ал басқа да бірқатар құқықбұзушылық үшін айыппұл мөлшері 10 мыңнан 100 мың лекке дейін (558 мың теңгеге дейін) белгіленген.
Зорлық-зомбылық қаупі төнген немесе мүлікке елеулі зиян келу қаупі болған жағдайда полиция білім беру, медициналық және мемлекеттік мекемелер маңындағы жекелеген аумақтарда жиын өткізуге уақытша тыйым сала алады. Бұдан бөлек интернетте зорлық-зомбылыққа үндейтін жазбаларға қатысты да шаралар көзделген.
Бұл өзгерістер Албания астанасы Тиранада үкіметке қарсы наразылықтар жалғасып жатқан тұста қабылданды. Соңғы күндері шерушілер мен қауіпсіздік күштері арасында қақтығыстар болып, мемлекеттік және жеке меншік нысандарына зиян келді.
Албания премьер-министрі Эди Раманың айтуынша, жаңа талаптар тәртіпсіздіктің алдын алып, келтірілген залалды өтеуді көздейді. Сондай-ақ ол наразылық білдірушілерді келіссөз жүргізуге шақырды.
Сондай-ақ Франция Сенаты да осындай заңнамалық бастама көтерді. 28 қазанда ол наразылық акциялары кезінде келтірілген залал үшін, тіпті шығынға тікелей қатысы болмаса да, шеруге қатысушыларға айыппұл салуды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Бұған дейін Албанияның премьер-министрі Эди Рама жаппай наразылықтарға қарамастан, қызметінен кетуден бас тартқанын хабарлаған болатынбыз.