Александр Бублик Алматы турнирінің финалынан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Александр Бублик Алматы АТР 250 турнирінің финалына шыға алмады.

Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің бесінші, осы жарыстың 1-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевке тап келді.

Бірінші партия 6:3 есебімен Д.Медведевтің пайдасына шешілді. Бұдан кейін А.Бублик матчты жалғастырудан бас тартты.

Небәрі 21 минутқа созылған бәсекеде Бублик 3 эйспен шектелді. Медведев 9 эйс, 1 брейкпен ерекшеленді.

Даниил Медведев финалда рейтингіде 128-орындағы грузиялық Николоз Басилашвилимен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда әлемнің 39-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципасты қапы қалдырды 6:4, 6:7 (5:7), 6:3.

Өткен жылы Алматыда Д.Медведев чемпион атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматы турнирінде Бубликтің 2024 жылғы чемпионды жеңіп, жартылай финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Қытайдағы Нинбо турнирінде Елена Рыбакина екінші жыл қатарынан финалға шықты.