НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Барселона ATP 500 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 16-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші доданы екінші айналымнан бастады.
Дүниежүзілік рейтингте 73-орында тұрған финляндиялық Эмил Руусувуори осал теннисші еместігін бірден байқатты.
Эмил бір сағатқа жуық уақытқа созылған матчта 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ол 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланса, Бубликте ондай мүмкіндік болған жоқ. Қарсыластар екі-екіден эйс жасады.
Фин теннисшісі жүлде қоры 2,6 млн еуродан асатын доданың үшінші айналымында әлемнің 7-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ӘЧ іріктеу турнирінің ширек финалына шыққанын, Елена Рыбакинаның Штутгарт жарысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық жас теннисші Еуропа рейтингінде 100 күн бойы көш бастап келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).