Александр Бублик Қытайдағы турнирдің жартылай финалында ойнайды

Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Александр Бублик Ханчжоу (Қытай) АТР 250 турнирінің жартылай финалына өтті.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда ATP рейтингісінде 99-орында тұрған чехиялық Далибор Сврчинаға тап келді.

Бублик қарсыласын бет қаратпай ұтты - 6:1, 6:1.

Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Бублик 6 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланып үлгерді.

Александр Бублик финалға шығу үшін рейтингіде 196-сатыдағы қытайлық У Ибинмен таласады.

Ол ширек финалда әлемнің 18-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевті ұтып кетті – 5:7, 7:6 (7:5), 6:4.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Қытайдағы турнирдің ширек финалына жолдама алғанын жазған едік. 

Сондай-ақ Александр Бублик Қытайдағы жарыста қарсыласын камбэкпен тізе бүктірді.