Александр Бублик Ньюпорт турнирінің ширек финалына шықты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Александр Бублик Ньюпорт (АҚШ) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик бірден екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 100-орында тұрған америкалық Джек Сокпен кездесті.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:3 есебімен басым түсті.

Екіншісінде Д.Сок дәл сондай есеппен есе қайырды – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда А.Бублик матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.

Бір сағат 52 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 22 эйс жасап, 5 брейк-пойнтты түгел пайдаланды. Д.Сок 2 эйс, 3 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

А.Бублик жүлде қоры 594 950 АҚШ долларына бағаланған доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 52-ракеткасы, ұлыбританиялық Энди Маррей немесе рейтингте 202-сатыдағы Макс Перселдің біреуімен таласады.

Жарыс 17 шілдеде мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Будапешт турнирін жеңіспен бастағанын, Елена Рыбакинаның Алматыдағы кездесуін кейінге қалдырғанын жазған болатынбыз.