Александр Шевченко Бухарест турнирінің екінші айналымына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 76-ракеткасы Александр Шевченко Бухарест (Румыния) АТР 250 турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін рейтингіде 659-орындағы румынилық, 20 жастағы Раду Турканумен өткізді.
Шевченко қарсыласын 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Бір сағат 16 минутқа созылған ойында А.Шевченко 2 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Туркану 2 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 62-ракеткасы, нидерландылық Ботик ван де Зандсхулп немесе рейтингіде 114-сатыдағы италиялық Франческо Маэстреллидің қай жеңгенімен таласады.
Өткен жылы А.Шевченко Бухаресте алғашқы айналымнан аса алмаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Чарльстон турнирінде екінші айналымда әлемнің 5-ракеткасымен ойнайтынын жазған едік.
Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Мексикадағы жарыста тартысты матчта жеңіске жетті.