АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 96-ракеткасы Александр Шевченко Чэнду (Қытай) АТР 250 турнирінің жартылай финалына өтті.
Қазақстандық теннисші ширек финалда ATP рейтингісінде 168-орында тұрған жапониялық Таро Дэниелмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте табандылық танытты - 7:6 (7:2). Екіншісінде Дэниел есе қайырды - 6:3. Үшінші, шешуші сетте Шевченко жеңісті жұлып алды - 6:2.
Екі сағат 5 минутқа созылған тартысты бәсекеде А.Шевченко 7 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Жапониялық спортшы 9 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Шевченко финалға шығу үшін әлемнің 9-ыншы, осы жарыстың 1-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музеттимен шеберлік таластырады. Ол ширек финалда рейтингіде 114-сатыдағы грузиялық Николоз Басилашвилиді қапы қалдырды – 6:3, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Қытайдағы турнирдің ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик Қытайдағы жарыста қарсыласын камбэкпен тізе бүктірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).