Әлем чемпионаты: Әбиба Әбужақынова мен Мағжан Шамшадин 1/4 финалға жолдама алды

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM - Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында қазақстандық балуан Мағжан Шамшадин мен Әбиба Әбужақынова 1/4 финалға өтті. 

Мағжан 60 келі салмақта 1/8 финалда Бельгия спортшысы Иорре Ферстрэтеннен айласын асырды. 

Ендігі қарсыласы - Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Рюдзю Нагаяма.

Мағжан бұдан бұрын Олимпиаданың қола жүлдегері болған испаниялық Францизко Гаригосты небәрі 10 секундта қапы қалдырса, оған дейін АҚШ балуаны Дэвид Тераоны жеңді. 

Сондай-ақ ел құрамасынан Әбиба Әбужақынова (48 келі) да белдесуін сәтті бастады. Алғашқы айналымда ол бейтарап елдің өкілі Марина Воробьеваны «юко» әдісімен жеңіп, 1/8 финалға жолдама алды. Одан кейін Әбиба 1/8 финалда Луи Петиді (Бельгия) иппонға түсірді.

Ал ел құрамасынан Ғалия Тынбаева (48 келі) жарысты ерте аяқтады. Ол нидерландтық Эмбер Херсйэске есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Қазақстан құрамасынан Шерзод Давлатов (60 келі Оңтүстік Кореядан келген Ха Рим Лиден жеңіліп қалды. Сондай-ақ 14 маусымда Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) ел намысын қорғаса, 15 маусымда Есет Қуанов (72 келі) татамиге шығады.

Дзюдодан әлем чемпионаты 13-20 маусым аралығында өтеді. Онда 92 елден келген 566 спортшы 14 салмақта жүлдеге таласады.