Әбиба Әбужақынова әлем чемпионатындағы алғашқы белдесуінде жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатын қазақстандық балуан Әбиба Әбужақынова (48 келі) сәтті бастады.

Ол алғашқы айналымда бейтарап елдің өкілі Марина Воробьеваны «юко» әдісімен жеңіп, 1/8 финалға жолдама алды.
Әбиба 2022, 2024 жылдары әлем чемпионатында қола жүлдегер болса, 2021, 2022 жылы Азия чемпионатында күміс алды.
Сондай-ақ ел құрамасынан Мағжан Шамшадин (60 келі) бірінші айналымда Дэвид Тераоны (АҚШ) жеңді. Оның келесі қарсыласы - Францизко Гаригос (Испания).
Ал ел құрамасынан Ғалия Тынбаева (48 келі) жарысты ерте аяқтады. Отандасымыз нидерландтық Эмбер Херсйэске есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Енді ел құрамасынан Шерзад Давлетов (60 келі) сайысқа түседі. Сондай-ақ 14 маусымда Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) ел намысын қорғаса, 15 маусымда Есет Қуанов (72 келі) татамиге шығады.
Дзюдодан әлем чемпионаты 13-20 маусым аралығында өтеді. Қазақстан сапынан елдің үздік 12 дзюдошысы бақ сынайды.
Дүбірлі додада 92 елден келген 566 спортшы 14 салмақта жүлдеге таласады.