Әлемдік әуен Бозжырада әуеледі: танымал пианистің ерекше жобасы елді тәнті етті

АҚТАУ. KAZINFORM — Сахнада Ратович деген лақап атпен танылған қазақстандық пианист әрі композитор Темірлан Бейсенбай мен тревел-блогер Әділет Рахметолла екеуі жаңа бейнежобаны ұсынды. Түсірілім елдің ең көрікті табиғи нысандарының бірі — Бозжыра шатқалында өткен. Бұл туралы Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мәлімдеді.

Фото: Kazakh Tourism

Ратович Маңғыстау облысындағы Бозжыраның әсерлі көріністері аясында «Interstellar» фильміндегі композитор Ханс Циммердің «Cornfield Chase» танымал туындысын орындады. Шығармашылық бастама Қазақстан табиғатының сұлулығын насихаттауға, ел ішінде саяхаттауға шақыруға және қоршаған ортаға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. 

Бұл Ратовичтің туристік орындарда түсірген алғашқы жобасы емес. 2022 жылы музыкант өз композициясы арқылы Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай ұлттық паркін көпшілікке таныстырды.

Фото: Kazakh Tourism

Бозжыра — Қазақстанның танымал және әсерлі табиғи орындарының бірі. Бірегей рельеф пен жартас пішіндерінің арқасында шатқалды марстың көріністеріне жиі ұқсатады. Үстіртің кинематографиялық пейзаждары саяхатшылардың ғана емес, шығармашылық сала өкілдерінің де назарын аударады.

Айта кетейік, шетелдік инвестор Бозжыра шатқалына қонақүй салуға ниетті.