Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын мәлім етті.
Оның айтуынша, бұрын әлеуметтік төлем бойынша берешек бір теңгеден асқан жағдайда кәсіпкердің банк шотындағы барлық қаражат бұғатталатын.
— Биылдан бастап мұндай шара берешегі 6 АЕК-тен (25 950 теңге) асқан және оны белгіленген мерзімде өтемеген кәсіпкерлерге ғана қолданылады. Мысалы, салық төлеушінің 40 мың теңге қарызы болса, сол көлемдегі қаражат қана бұғатталады. Шотындағы одан артық ақшаны әрі қарай пайдалана алады, — деді Қайсар Арын.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібі өзгерді. Енді өндіріп алу шаралары берешек сомасына қарай қолданылады.
Еске салайық, бұған дейін комитет өкілі шетелге баруды жоспарлаған компания басшыларына салық төлеуші кабинетін алдын ала тексеруге кеңес берді. Өйткені тиісті қаулы осы ақпараттық жүйе арқылы жолданады.