Алматы әуежайы 10 миллионыншы жолаушыны қарсы алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы халықаралық әуежайы 10 миллионыншы жолаушыны қарсы алды. Бұл Алматы әуежайы мен қала үшін тарихи оқиға.
Сәтті санның иесі Шымкенттен Алматыға жол тартқан 47 жастағы Шолпан Садықова болды. Оған тарихи оқиғанының құрметіне Алматы әуежайы Грузияға екі адамға жолдама сыйлады.
— Мен Алматы қаласының тұрғынымын, жасым 47-де. Ата-анамды Сарыағашқа демалуға апарып, қайтып келе жатқан едім. Күтпеген жерден осындай тосын сыйға ие болып отырмын. Енді Грузияға анаммен бірге барсам деймін, — деді жолаушы.
Ал Алматы әуежайының президенті Гокер Косе биыл әуежай 11 миллионыншы жолаушыны қарсы алуы мүмкін екенін атап өтті.
— Бүгін біз әуежай мен қала тарихында алғаш рет 10 миллионыншы жолаушыны қабылдадық. Бұл жолаушы автоматты жүйе арқылы анықталды және бұл Шымкент қаласынан келе жатқан азамат. Жалпы Алматы халықаралық әуежайында жолаушылар ағыны өсіп келеді. Оған салынған инвестициялар мен жаңа терминалдың ашылуы әсер етуде. Биыл жолаушылар саны 11 млн жетеді деп ойлаймыз. Әуежайда 20 миллионыншы жолаушы қабылдайтын күннің ауылы да алыс емес, — деді Алматы әуежайының президенті Гокер Косе.
Алматы әуежайының мәліметіне сәйкес, соңғы үш жылда әуе бағыттардың саны екі есе және Алматыға ұшатын әуекомпаниялар саны 24-тен 37-ге дейін өскен. 2024 жылдың тоғыз айында жолаушылар ағыны 8,5 миллион адамға жетті. Ал жаңа Халықаралық жолаушылар терминалының іске қосылуымен әуежайдың өткізу қабілеті 14 млн жолаушыға дейін көбейді.
Еске салайық, бұған дейін биыл 1 маусым күні Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалы алғашқы рейстерді қабылдады.
Кейін Алматы әуежайының президенті Гокер Косе әуежайға тағы 100 млн доллар инвестиция салынатынын айтты.
Өткен аптада Алматы әуежайының ескі және жаңа терминалы арасында көпір ашылды.